АСТАНА, 24 наурыз – Sputnik. Бүгін, 24 наурызда Риддерде өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қаланың жылу электр орталығының жұмысында үлкен кемшіліктер бар.
"Жаңа меншік иесі – RNGK компаниясы қаңтардан бері ешқандай жұмыс жүргізбеді. Өткен кезеңде 3 миллиард теңгеден астам берешек қалыптасты, мазут, көмір, электр энергиясын жеткізуде олқылықтар болды. Сонымен қатар қараша айынан бастап шұғыл жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген компанияларға еңбекақы төлеу әлі кешіктіріліп жатыр", - деп жазды Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол жылу электр орталығының жұмыс процесі барлығы 67 рет тоқтағанын атап өтті. Бірнеше күн бұрын 4 және 5 жоғары қысымды қазандықтардан өрт шықты, кабельдік-өткізгіш өнімдер өртенді, көмір беру жолында ұсақ дисперсті тозаң жарылды.
"Қазір біз жылыту маусымын аяқтауға мүмкіндік беретін режимде тиімді жұмыс істеуді қамтамасыз ету үшін станцияның барлық басқаруын өзімізге алуға мәжбүрміз. Тығырықтан шығудың жалғыз жолы – Риддер ЖЭО-ны коммуналдық меншікке сатып алу. Біз осы бағытта заңнамаға сәйкес жұмыс істейміз және оң нәтижелерге қол жеткіземіз деп үміттенеміз", - деді ШҚО әкімі.