АСТАНА, 24 наурыз – Sputnik. Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана департаменті елорда прокуратурасымен бірлесіп, "Qnet" қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша күдіктіні ұстады, деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
"Ұсталған адам тартылған қаражатты кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, жеке тұлғалардан ақша алу арқылы "Qnet" қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастырған. Ақша салған салымшылардың есебінен бір адамды байыту схемасы жүзеге асырылған", - делінген хабарламада.
"Qnet" халықаралық компаниясының қызметі желілік маркетинг және электронды коммерция атын жамылып жұмыс істеген.
Бірқатар шет елдерде "Qnet" компаниясы қаржы пирамидасы болып танылды. Сондай-ақ оны Қазақстан қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізіміне енгізді.
Уәкілетті органның қорытындысына сәйкес компания салымшыларынан түскен сома – 463 млн теңге.
Астананың мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты 2 айға "Қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.