АЛМАТЫ, 24 наурыз – Sputnik. Қазақстанда көппәтерлі тұрғын үй иелері баспанасын өздері қадағалап, жауап береді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігі Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің директоры Руслан Лепесов айтты.
2020 жылы 7 қаңтарда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы күшіне енген болатын. Соған сәйкес пәтер иелері кооперативтерінің орнын мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) немесе қарапайым серіктестік (ҚС) алмастырды. Ал бұл бірлестіктер "бір мүлік иелерінің бірлестігі – бір шот" қағидаты бойынша жұмыс істеді.
"Осы бастаманың аясында көппәтерлі тұрғын үйлердің иелері баспанасын өздері қадағалап, жауап береді. Реформаның халыққа тиімді тұсы тұрғындардан жиналған қаражатты пайдаланудың ашықтығы қамтамасыз етіліп, сондай-ақ бұл ақша нақты бір тұрғын үйді басқарып, күтіп ұстауға бағытталады", - деді Руслан Лепесов.
Бұл бағыттағы елеулі өзгерістердің қатарында уақытша басқарушы компанияны тарту, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару мәселелерін жетілдіру, жауапты жергілікті атқарушы органға кондоминиум объектісін тіркеуге өтініш жіберу функциясын беру, тұрақ орны мен қойма иелерінің құқықтары мен міндеттерін бекіту, сондай-ақ ауылды жерде, кентте тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау бар.
Мүлік иелерінің бірлестігі мен немесе қарапайым серіктестікке байланысты барлық өзекті мәселе бойынша азаматтар мына мекенжайға хабарласа алады: info@zhkh.kz немесе www.zhkh.kz, сондай-ақ suraqtar.kz платформасы арқылы біле алады. Ал кондоминиум нысанын басқарудың жаңа түріне көшу мәселелеріне қатысты қосымша ақпаратты 8 (7172) 57-65-51 нөмірі бойынша алуға болады.