АСТАНА, 23 наурыз – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Қазақстанның энергетика саласын дамытудың өзекті мәселелері қаралды. Жиын барысында, сондай-ақ ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.
Кеңеске энергетика министрлігі, "Самұрық-Қазына" қоры және "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшылары қатысты.
Энергетика министрі Болат Ақшолақов I тоқсанда бензин, дизель отыны және сұйытылған газ өндірісі бекітілген жоспардан асып түскенін атап өтті.
"Атап айтқанда, дизель отынының қоры 1 қаңтардан 1 наурызға дейін 241 мың тоннадан 326 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Қазіргі уақытта жанар-жағармай материалдары ең алдымен егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, содан кейін жанармай құю станциялары мен әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындарға жіберіледі", - делінген хабарламада.
Министрдің айтуынша, кейбір өңірде тұтыну деңгейінің өте жоғары болуына байланысты отын жетіспеушілігі байқалып жатыр. Осыған байланысты энергетика министрлігі қажетті қорды толықтыру бойынша шаралар қабылдауда.
Сонымен қатар кеңеске қатысушылар ірі халықаралық инвесторларды тарту, жаңа энергия өндіруші қуаттарды (жылу, электр энергиясы) іске қосу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі жоспарларды талқылады.
Бұдан бөлек орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада отын өндіру мен тұтыну балансын ескере отырып, газ саласын дамытудың өзекті мәселелері қозғалды.