Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Польшалық МиГ-29 және македониялық Су-25 Украинаға көмектесе алмайды

Sputnik
Батыстың Киев режиміне ескі қару-жарақ жеткізуі украин жауынгерлерінің жеңілісін жеделдетіп жатыр. Поляктардың МиГ-29 және македониялық Су-25 ұшақтары НАТО-ның Украина Қарулы күштеріне көнерген техниканы жолдап отырғанының айқын мысалы, деп жазды ресейлік әскери шолушы Александр Хроленко.
20 наурызда Пентагон 350 миллион долларға өз арсеналынан қару-жарақтың жаңа партиясын жөнелтетінін мәлімдеді. Қаражат көлемі аса үлкен емес, 70 мың дана 155 миллиметрлі артиллериялық снарядтарға тең және бұл Украина Қарулы күштерінің бір айлық нормасы. Бұл пакет өзендегі патрульдік катерлерді, HIMARS реактивті снарядтарын, HARM радиолокацияға қарсы зымырандарын, 155 миллиметрлі артиллериялық снарядтарды, 81 миллиметрлі минометтер мен АТ4 гранатометтерін және оларға арналған оқ-дәріні қамтиды.
Киев көптен күткен F-16 жойғыш ұшақтары Пентагонның бұл тізімінде жоқ. Бірақ Варшава Киевке уәде етілген жиырма МиГ-29 ұшағының алғашқы төрт данасын жолдады. Поляк армиясында 22 дана МиГ-29А және 6 дана кеңестік МиГ-29УБ ұшағы бар. Бұл ұшақтар 2002 жылы Германиядан 1 еуроға сатып алынған. Сонымен қатар Словакия Украинаға өз армиясы қолданыстан шығарған 13 дана МиГ-29 ұшағын беруге дайын екенін растады. Бұл үшін Братислава 900 миллион доллар өтемақы алады. Бұған дейін Солтүстік Македония Киевке 22 жыл бұрын Украинадан сатып алынған және күрделі жөндеуді қажет ететін төрт дана Су-25 шабуылдаушы ұшағын жолдаған болатын.
"Украина әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Сергей Голубцов The Times газетіне берген сұхбатында "F-16 ұшағын күтіп жатқан шақта ең білікті ұшқыштар көз жұмып жатқанын" айтты. Ол украин жауынгерлері НАТО стандартындағы ұшақтарды басқаруды бірнеше айдың ішінде үйрене алады деп есептеп, альянс мамандарының бұл көпжылдық даярлауды қажет ететіні туралы пікірін жоққа шығарды. Киев ескірген МиГ-29 жойғыш ұшақтарының ресейлік қанатты зымырандар мен шабуылдаушы пилотсыз ұшақтармен күресте тиімсіздігін атап өтті", - деп жазды Хроленко.
Ресей әскери-ғарыш күштерінің жойғыш ұшағы ккүні кеше Никаноровка ауылы маңында ДХР аспанында Украина әуе күштерінің тағы бір Су-25 ұшағын жойды. Арнайы әскери операция кезінде Украина Қарулы күштерінің 403 ұшағы мен 223 тікұшағы жойылды.
НАТО-ға мүше Шығыс Еуропа елдері Киев режиміне жауынгерлік авиация жеткізетінін ашық жариялай бастады, олардың саны ондаған бірлікке жетеді. Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің статистикасы бір жыл ішінде Украина Қарулы күштерінің 400-ден астам жауынгерлік ұшағы жойылғанын көрсетті. Егер 2022 жылдың ақпанында Украина әскери-әуе күштерінің құрамында барлық үлгідегі 85 жойғыш ұшақты қоса алғанда бар болғаны 152 ұшақ болса, Украина Қарулы күштерінің "демилитаризацияланған" төрт жүз ұшағынан кем дегенде 250 ұшағы құпия жеткізілген техника.
Ұлыбританияның ардагер әскери ұшқышы Уильям Гиллин CNN телеарнасына берген сұхбатында МиГ-29 ұшақтарын жеткізу Украинаның әуе қорғанысын ішінара нығайтқанымен, жағдайды өзгертпейтінін және Ресеймен қақтығыста Украинаға артықшылық бермейтінін айтты.
Хроленконың пікірінше, МиГ-29 және F-14 бірдей төртінші буынға жататын ұшақтар. Украина президенті Владимир Зеленскийдің америкалық жауынгер ұшақтарға үміт артуы негізсіз. Себебі F-16 ұшақтары Украинаның ұрыс даласындағы жеңісінің кепілі болмайды.
Украина ұшақтарының бортында НАТО-ның 70 километрге дейін ұшатын GPS бағыттауышы бар JDAM бомбаларының пайда болуы жауынгерлік әлеуетті артырмайды. Өйткені Ресей әскери-ғарыш күштерінің Р-37M "әуе – әуе" зымырандары 6 Мах жылдамдықпен 400 километрге дейінгі қашықтықтағы нысандарға соққы жасайды. АҚШ пен НАТО-да мұндай қару жоқ.
АҚШ әскери-әуе күштерінің генералы Джеймс Хеккердің айтуынша, Ресей Қарулы күштерінің жердегі зениттік зымыран кешендері альянстың көптеген ұшағын істен шығарды. Ресейлік әскери ұшқыштардың жоғары кәсібилігі Украина мен Батыстың Қарулы күштері үшін проблемаға айналды.
Әскери шолушы Александр Хроленконың Telegram арнасы