АСТАНА, 20 наурыз – Sputnik. Бүгін Қытай мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді, деп хабарлады РИА Новости.
Владимир Путин Си Цзиньпинмен кездесуде Ресей мен Қытайдың бірлескен міндеттері көп екенін айтты.
"Соңғы 10 жыл ішінде Ресей мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты дамытуда маңызды қадамдар жасалды, сауда айналымы екі еседен астам өсті, қазір ол 185 миллиард долларды құрайды", - деді Путин.
Сонымен қатар ол Мәскеу Бейжің ұсынған Украинадағы ахуалды реттеу жоспарымен танысқанын айтты.
"Біз Украинадағы өткір дағдарысты шешуге арналған ұсыныстарыңызбен мұқият таныстық. Біз әрқашан келіссөз процесіне дайынбыз. Біз осы мәселелердің барлығын міндетті түрде талқылауға шығарамыз" - деді Ресей президенті.
Сондай-ақ ол Қытай экономикасына қатысты пікір білдірді.
"Қытайда экономиканы дамыту мен мемлекеттің нығаюы үшін өте тиімді жүйе құрылды. Бұл басқа елдерге қарағанда әлдеқайда тиімді", - деді Путин Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен бейресми кездесу барысында.
Ал Си Цзиньпин Владимир Путиннің Ресей дамуындағы рөлі туралы айтты.
"Сіздің сындарлы басшылығыңыздың арқасында Ресей соңғы жылдары өркендеуде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Ресей халқы сіздің игі бастамаларыңызды қызу қолдайтынына сенімдімін", - деді Си Цзиньпин.
Ол Қытай мен Ресей арасында тығыз қарым-қатынас болуы керек екенін баса айтты.
"Қытай тарапы Қытай-Ресей қарым-қатынасының дамуына үлкен көңіл бөледі. Себебі біз ірі көршілес елдер болғандықтан жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықта серіктеспіз", - деді Қытай басшысы.
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Ресейге 20 наурызда жұмыс сапарымен келді. Бұл оның мемлекет басшысы лауазымына үшінші мерзімге қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы шетелдік сапары.