АЛМАТЫ, 19 наурыз – Sputnik. Талдықорғанда сайлауға түйе мініп келген жергілікті тұрғын жұрттың назарын аудартты, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Талдықорғандық Ұлан Байзақов таңертең келіп, өзінің кандидаты үшін бірінші болып дауыс берді.
Әр демалыс немесе мереке сайын балалар мен ересектерді түйесімен серуендететін жігіт сайлауға түйе мініп, баян ойнатып, думандатып келді.
"Аптаның демалыс күндері түйемді орталық саябақтарға алып шығамын. Үстіне мінгеніне қуанған балаларды көрудің өзі ғанибет. Осындай қызмет көрсетуден тапқан қаражатты түйенің жем-шөбіне, дәрі-дәрмегіне жұмсаймын. Бүгінгі сайлауға ертелетіп келіп, дауыс бердім. Себебі күні бойы түйе бағымына қатысты атқаратын шаруам көп", - дейді Ұлан Байзақов.
Айта кетейік, Қазақстанда мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Биыл парламенттік сайлау алғаш рет аралас жүйе бойынша өтеді. Мәжілістің 69 депутаты партиялық тізім бойынша, 29-ы бір мандатты округтер бойынша сайланады.