АСТАНА, 18 наурыз – Sputnik. Алматы – Өскемен тас жолында екі жол апаты болып, екі ересек адам мен бір кішкентай бала қайтыс болды, деп хабарлады Жетісу облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлер нақтылағандай, жол апатының бірі Mitsubishi Lancer көлігінің қатысуымен болған. Осы көліктің 29 жастағы жүргізушісі ауылдан шығып берісте көпірден ұшып кеткен. Шетелдік көліктің салонында екі ер адам болған, олар түрлі жарақатымен Ақсу аудандық ауруханасына жатқызылды.
Екінші жол апатында Chery Tiggo мен КамАЗ соқтығысты. Оқиға орнында тәртіп сақшылары жұмыс жасап жатыр.
"Алматы – Өскемен тас жолының 359 шақырымында Сағабүйен ауылының маңында тағы жол апаты болды. Көліктердің соқтығысуы салдарынан үш адам қаза тапты, оның ішінде кішкентай бала да бар. Зардап шеккен тағы екі адам ауруханаға жеткізілді", - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары соңғы тәулікте облыста ауа райының нашарлағанын хабарлап, соған байланысты жүргізушілерді жылдамдықты шектен асырмауға шақырды.