АЛМАТЫ, 18 наурыз – Sputnik. Павлодар облысында бір адамның қызылша індетін жұқтырғаны расталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Біздің облыста 6-17 наурыз аралығында қызылша жұқтырды деген күдікпен үш науқас тіркелді. Вирусологиялық зертханада мектеп жасына дейінгі баланың диагнозы расталды, екі пациенттен қауіпті вирус табылмады", – деді Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің жұқпалы және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Гүлмира Құлмағамбетова.
Гүлмира Құлмағамбетованың мәліметінше, ауру елімізде өршіп тұр, қызылша індетіне 80 қазақстандық шалдыққан. Оның 90%-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Көршілес Ресейде, Тәжікстанда және Түрікменстанда да індет жылдам таралып жатыр.
"Осыған байланысты елде қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы иммундау науқаны басталды. Бұрын вакцинацияланбаған 17 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері вакцинациялануы керек. Себебі медицина қызметкерлері –қызылшамен ауыратындармен жиі және тығыз байланыста болатын халықтың санаты", - деп атап өтті спикер.
Қызылша өте жұқпалы, ауа тамшылары арқылы беріледі. Вирус ағзаға тыныс алу жолдары арқылы оңай енеді. Қан арқылы вирус әртүрлі органдарға таралады: бадамша бездерге, бауырға, өкпеге және сүйекке әсер етеді. Круп (көмей стенозы), қызылша энцефалиті (мидың қабынуы), менингит (ми қабығының қабынуы), пневмония сияқты асқынуларға әкеп соғады. Кез келген асқынудан науқас мүгедек болуы немесе өлуі мүмкін.
Қызылшаны емдеуге арналған арнайы препарат жоқ. Антибиотиктер тек асқынуларды емдеу үшін тағайындалады. Алайда қызылшадан бір жылда және алты жылда екпе жасату арқылы қорғануға болады.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызылша карантині 21 күнге созылатынын айтты. Егер балабақшада карантин енгізілсе, онда вакцинацияланған балалар мекемеге бара алады, бірақ үнемі бақылауда болады. Вакцинацияланбағандар карантинге және вакцинацияға жіберіледі.