Мәдениет министрлігі Наурыз мейрамына орай Tiktok-пен бірге онлайн-фестиваль өткізеді

Sputnik
АСТАНА, 18 наурыз - Sputnik. Tiktok пайдаланушылары #Наурыз2023 хэштегімен ұлттық мейрам, оның ерекшеліктері мен әдет-ғұрыптары туралы видеороликтер түсіруі керек, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта бұл мерекелік челленджге TikTok-та танымал әнші-музыканттар, аспаздар, саяхат блогерлері және түрлі танымдық видео авторлары қатысып жатыр.
"Үздік видеороликтердің авторлары Kazakh Tourism компаниясы ұсынған жүлделерге ие болады. Алғашқы үш орынды иеленген қатысушылар Қазақстанның ең көрікті жерлеріне сапарға аттана алады. Бас жүлде иегері мұндай сапарға 5 күнге, ал екінші және үшінші орын иегерлері 3 күн және 1 күнге саяхатқа шығады", - деп жазылған хабарламада.
Видеоролик тақырыбы ретінде тамақ, саяхат, мәдениет және музыка атты төрт бағыттың бірін таңдауға болады.
Айта кету керек, онлайн-фестивальдің қорытындысы, үздік видеороликтер мен байқау жеңімпаздарының есімдері 29 наурызда жарияланады.
"Наурыз адамдарды табыстырады, онлайн-фестиваль қазақстандықтарды біріктіруге және әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлерімізді насихаттауға көмектеседі. Қазақ мәдениеті мен тарихына арналған роликтер TikTok-та танымал болып келеді. Мысалы, #Қазақстантарихы хэштегі бойынша видеолар 100 миллионға жуық, ал #Қазақстанмәдениеті хэштэгі 75 миллионнан астам қаралған. Сондықтан бұл акция тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де мүмкіндігінше көп адамды қамтуға арналған", - деді Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.
Қоғам
Наурыз мейрамы: маман 21 мен 22 сандары қазақстандықтарға не әкелетінін айтты