Ұйымдасқан қылмыстық топтың 13 мүшесі ұсталды – ҰҚК

Sputnik
АСТАНА, 17 наурыз – Sputnik. Жыл басынан бері Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қазақстанның ішкі істер министрлігі Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметімен (ФҚҚ) бірлесіп, Байқоңыр қаласы мен Қызылорда облысындағы криминогендік жағдайды сауықтыру іс-шараларын жүргізіп жатыр.
Қаңтар айында екі елдің арнайы және құқық қорғау органдары Қазақстан мен Ресей азаматтары қатысқан қоғамдық қауіпті қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.
Аталған жұмысты жалғастыра отырып, ҰҚК аса қатыгездікпен ерекшеленетін кезекті ұйымдасқан қылмыстық топты жедел зерделеуге алды. Оның қатысушыларының ауыр қылмыстарға (кісі ұрлау, бопсалау, ұрлық, кісі өлтіруге оқталу) қатысы болғаны құжатталды.
"15-16 наурызда ҰҚК мен ФҚҚ, сондай-ақ ІІМ және прокуратура қызметкерлері қатарынан мемлекетаралық жедел-тергеу тобы Алматы, Қызылорда және Байқоңыр қалаларында қылмыстық топтың 13 басшысы мен белсенді қатысушыларын ұстау бойынша біржолғы арнайы операция жүргізді", - делінген ҰҚК таратқан хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, ұсталғандардың өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.