Таксимен тегін тасыған: депутаттыққа кандидаттар үгіт жүргізу кезінде қалай заң бұзды

Sputnik
АСТАНА, 17 наурыз – Sputnik. Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев сайлау алдындағы үгіт барысында прокуратура анықтаған заңбұзушылықтар туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мәжіліс депутаттарын сайлау алдындағы үгіт барысында "Сайлау туралы" заң талаптары бұзылды. Біз жалпы 23 заңбұзушылықты анықтадық. Барлық факті тексерілді, кінәлілер әкімшілік жазаға тартылды", - деді Өмірәлиев Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Оның айтуынша, заңбұзушылықтардың көбі – тыйым салынған кезеңде, яғни кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін үгіт жүргізу фактілері. Осындай 12 дерек тіркелді. Соның ішінде алты жағдайда кінәлілер – заңды тұлға, үшеуі – жеке тұлға. Бірақ олар кандидат емес.
"Қалған 6 жағдайда үгіт жұмыстарын мәжіліс депутаттығына кандидаттар жүргізген. Олар бірмандатты округтер бойынша тіркелгендер. Біз оларды жауапқа тарту үшін Орталық сайлау комиссиясының келісімін алдық. Сот Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша айыппұл салғаннан кейін және сот актілері заңды күшіне енген соң, тиісті округтік сайлау комиссиялары олардың тіркеуінің күшін жойды. Бұл заңның талабы", - деді бас прокурордың орынбасары.
Сондай-ақ Алматы қаласында тағы бір кандидат Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 122-бабы бойынша жазаға тартылды. Ол сайлауалды үгіт жүргізу шарттарын бұзып, азаматтарға тегін такси қызметін көрсеткен. Үміткер кінәсін мойындады, оның да тіркеуінің күші жойылды. Үгіт жүргізу кезінде Қарағандының екі тұрғыны Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 114-бабы бойынша үгіт материалдарын жұлып, бүлдіргені үшін жазаланды.
Үш факті Астана мен Алматыда қоғамдық пікірге заңсыз сауалнама жүргізумен байланысты болды. Заң талаптарын бұзған 2 жеке тұлға және 1 заңды тұлға әкімшілік жазаға тартылды. Бұл сауалнаманың барлығы әлеуметтік желіде жүргізілген. Өмірәлиевтің айтуынша, анонимдік үгіт материалдарын таратудың 5 фактісі анықталды.
Төрт адам Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 113-бабы бойынша жауапқа тартылды, соның ішінде үшеуі Ақмола облысы кандидатының өкілдері, біреуі – БАҚ өкілі. Ал бір заңбұзушылық Түркістан облысынан мәжіліс депутаттығына кандидат тарапынан жасалған.
Қазір ОСК келісімі алынды, бұл кандидатқа қатысты тиісті әкімшілік құжаттар сотқа жолданады. Кандидатқа айыппұл салынғанымен, ол сайлауға түседі, деп нақтылады бас прокурордың орынбасары.