Қоғам

Бүгін Қазақстанда – тыныштық күні

Бұл күні үгіт жүргізуге тыйым салынады
Sputnik
АСТАНА, 18 наурыз – Sputnik. Бүгін, 18 наурыз мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы алдындағы тыныштық күні жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазақстандағы сайлау туралы" заңға сәйкес, сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады. Яғни, телеарнадан сайлауалды роликтер көрсетілмейді, көшеде үндеу парақтары таратылмайды, сайлаушылармен кездесу өткізбейді және тағы басқа.
Сайлау комиссияларының үй-жайынан және дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орында қалдыруға болады.
Интернет желісінде бұрын жарияланған үгіт материалдарын бұрынғы орындарында қалдыруға рұқсат етіледі. Бұрын орналастырылған материалды интернет-ресурстың басты бетіне шығаруға тыйым салынады.

Сауалнама жүргізуге бола ма

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, сайлау нәтижелерінің болжамын, сайлауға байланысты өзге зерттеулерді де жариялауға жол берілмейді.
"Мұндай сауалнаманы дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пункте жүргізуге болмайды. Оларды тіркелген және Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде хабардар еткен заңды тұлғалар ғана сайлау учаскелерінен шыға берісте жүргізе алады. Аталған сауалнама нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында дауыс беру күнінен кейін, яғни 20 наурыз сағат 00.00-ден бастап жариялауға рұқсат етіледі", - деп түсіндірді Өмірәлиев Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Конституциялық заңның талаптарын сақтамағандар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 102-бабы "Сайлау алдындағы үгiтті оған тыйым салынған кезеңде жүргiзу" және 120-бабы "Сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргiзу шарттарын бұзу" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Қазақстандықтар мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлайды

19 наурыз, жексенбі күні мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Сайлауда 12 миллионнан астам сайлаушы дауыс бере алады.
Биыл мәжіліс депутаты мандатына 7 саяси партия таласады:
Amanat партиясы
"Ауыл" партиясы
Respublika партиясы
Қазақстан халық партиясы
"Байтақ" жасылдар партиясы
"Ақ жол" партиясы
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы.
Парламентке барлығы 98 депутат сайланады, оның 69-ы – партиялық тізім, 29-ы бірмандатты округтер бойынша өтеді.
Осы жолғы мәжіліс және мәслихат сайлауына 5 түрлі бюллетень әзірленеді. Олардың екеуі – мәжіліс, қалған үшеуі мәслихат депутаттарын сайлауға арналған.
Қазақстандықтар сайлау учаскесінде цифрлық жеке куәлігін көрсетіп, дауыс бере алады.
Айта кетері, 19 наурызда Астана тұрғындары қоғамдық көлікпен тегін жүреді. Автобустар әдеттегі кестеге сәйкес сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін қатынайды.