Батыс Қазақстандағы су тасқыны: министрлік соңғы мәліметтерді жариялады

Sputnik
АСТАНА, 17 наурыз – Sputnik. Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы мен бес ауданында су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша белсенді жұмыстар жалғасып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, бір тәулік ішінде жұмыстар Орал қаласы мен облыстың 5 ауданында – Ақжайық, Бөрлі, Қаратөбе, Казталов және Бәйтерек аудандарында жүргізілді. Мұнда инертті материал салынған қаптарды дайындау және төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Жалпы инертті материал салынған 5000-нан астам қап төселді, қосымша 4 000-ға жуық қап дайындалды, 75000-нан астам текше метр су сорылды. Су тасқыны кезеңінің басынан бастап Батыс Қазақстан облысы бойынша 500 000 текше метр су сорылды. Тартылған күштер мен құралдардың жедел іс-қимылының арқасында бұрын су басқан 57 тұрғын үйден су сору жұмыстары аяқталды, бұрын эвакуацияланған 275 адам өз үйлеріне оралды, 22 адам туыстарының үйлерінде қалуда", -деді Батыс Қазақстан облысы ТЖД бастығы Ернұр Өтегенов.
Оның айтуынша, жағдай тұрақты бақылауда. Сонымен қатар, су тасқыны салдарын жою жұмыстары 20 саяжай аумағында жүргізіліп жатыр.
Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша белсенді жұмыстар жалғасуда
"Қазіргі уақытта Дерқұл, Шаған және Шыңғырлау өзендері арналарындағы су деңгейіне мониторинг жүргізілуде. Су деңгейінің күрт көтерілуі байқалмайды. 11 бақылау гидробекеті қойылды, олардың көрсеткіштері бойынша жедел шешімдер қабылданады", - делінген хабарламада.