Видео

"Ақшасы жоқ адамдар бар": көше музыканты алматылықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жүр

Алматының Арбаты көше өнерпаздарының сахнасы дерсің. Мұнда баян, гитарамен ән айтып, би билейтін шығармашыл жандарға көпшіліктің көзі де, құлағы да үйренген. Соңғы кездері мұнда өзгеше әуен пайда болды. Ол - виолончелдің әуезді үні
Sputnik
Классикалық жанрға жақын ерекше аспаппен көшеге шыққан жанды сөзге тарттық.
"Өнер өлмеуі керек". Бұл сахнаны көшеге айырбастаған бүгінгі кейіпкеріміздің ұстанымы.
Виолончелист Юлиан Астраханцевті бір қарағанда нәпақа табу үшін амалдап жүрген жандардың бірі болып көрінеді. Алайда аспабында беріліп ойнаған жігіттің әуені асығыс адамдардың өзін мойын бұрғызатынын байқадық.
Өзінің айтуынша, сахнаның жөні бір бөлек, ал көшенің құдіреті бір басқа.
"Мен филармонияда өнер көрсеттім, әртүрлі концерттерім болды, бірақ көшенің орны бөлек. Өйткені виолончель өнеріне мүлдем қызықпайтын адамдар немесе ақшасы болмай, концертке бара алмайтын адамдар бар, олар көшеде тыңдап, бұл өнерге тәнті болуы мүмкін. Сирек кездесетін бұл аспапқа қызығушылығы оянады", - дейді виолончелист.
Юлиан Астраханцевтің жасы 35-те, виолончельді 6 жасынан бастап меңгерген.
"Мені музыка мектебіне әкем апарды. Маған виолончель бірден ұнады. Мен жалпы 20 жыл өмірімді музыкалық білім алуға сарп еткен адаммын. Музыка мектебінде, музыка колледжінде, сосын осы сала бойынша жоғарғы оқу орнын бітірдім", - дейді Юлиан.
Юлианның отбасындағы бес баланың барлығы музыканттар. Әпкесі скрипкада, ағасы әскери оркестрде саксафонда ойнайды. Юлиан да әскер қатарында жүргенде оркестрде трамбонды сүйемелдеген.
"20 жылда көптеген аспапта ойнап үйрендім. Соның ішінде виолончель өте ұнады. Бұл аспаптың үнінде адам жанын тебірентетін құдірет бар. Үні қоңырқай, әуезді. Тым жіңішке де емес, тым жуан да емес" - дейді ол.
Юлианның көшеге шығып өнер көрсетуіне бірқатар жағдай әсер еткен сыңайлы. Айтуынша, өткен күзде әйелі және екі баласымен Ресейден қоныс аударған. Әйелі ол жақта ұстаз, өзі музыкант болған.
Мұнда келген соң жұмыс таппады, әрі жаны өнерге жаны жақын жігіт төрт қабырғаға сыймаған.
Юлиан қазақ жері мейірімге толы дейді.
"Бұл жақтың халқы мейірімді, қарым-қатынасы өте жылы. Болашақта мүмкін қазақстандық болып тұрақтап қалуымыз да мүмкін. Қазіргі өміріміз өзімізге ұнайды. Басқа түскенді көреміз", - дейді виолончелист.