Жалақы, стипендия, жәрдемақы өседі: әлеуметтік саланың шығысы ұлғайтылады

Sputnik
АСТАНА, 16 наурыз – Sputnik. 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау аясында әлеуметтік саланың шығысын 298 млрд теңгеге ұлғайту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысында "2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы" заң жобасы қаралды.
"Республикалық бюджеттің шығысы 22,5 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Жалпы шығыстың қосымша ұлғаюы 2,2 трлн теңгені құрады және келесі басым бағыттарды қамтиды", - деді премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Біріншіден, президенттің жолдауы мен сайлауалды бағдарламасы аясында айтылған бастамаларды, сондай-ақ өңірлерге жұмыс сапары кезінде берілген тапсырмаларды іске асыруға қосымша 2 трлн теңге бөлінеді.
Бұл өңірлерді қолдауға, ауыл шаруашылығын, көлік инфрақұрылымын және өңдеуші өнеркәсіпті одан әрі дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік саланың жекелеген бағыттарына көзделген шығыстар.
Сондай-ақ бұл бағыт аясында:
жылумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау, электр энергетикасын дамытуға – 144 млрд теңге;
қорғаныс және азаматтық қорғауды қамтамасыз ету, оның ішінде өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің жалақысын көтеруге, азаматтық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға – 126 млрд теңге;
баспана сатып алу үшін қарыздар мен тұрғын үй жинақ салымдары бойынша сыйлықақы беруге 92 млрд теңге көзделеді.
Екіншіден, басқа да бірқатар маңызды міндеттемелерді іске асыруға 186 млрд теңге бағытталады.
"Бюджетті қайта қарау нәтижесінде экономиканың нақты секторы мен өңірлерді қолдауға ерекше мән берілді. Мұны шығыс құрылымының өзгеруінен байқауға болады. Атап айтсақ, экономиканың нақты секторын қолдауға қосымша 1,3 трлн теңге көзделген. Тиісінше, шығыстың жалпы көлеміндегі бұл бағыттың үлесі 5,3%-ке ұлғайды. Нәтижесінде аталған салаға арналған шығыс 3,5 трлн теңге немесе жалпы шығыстың 15,6% мөлшерінде жоспарланып отыр. Бұл орта мерзімде елдің дамуына оң мультипликативтік әсер етеді", - деп санайды Жамаубаев.
Сондай-ақ әлеуметтік саланың шығысы 298 млрд теңгеге ұлғайтылып, 8,5 трлн теңгені немесе бюджеттің жалпы шығысының 37,5%-ін құрады.
"Қаражат "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын іске асыруға, мектепке дейінгі білім беру мекемелері педагогтерінің жалақысын көтеруге және колледж студенттерінің стипендиясын ұлғайтуға, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың мөлшерін арттыруға, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға бағытталады", - деді вице-премьер.
Бұдан бөлек күш құрылымы шығысы 317 млрд теңгеге өсіп, 2,5 трлн теңге көлемінде жоспарланған.
Министрдің айтуынша, бюджетті нақтылау кезінде биыл өңірлерге республикалық бюджеттен 7,2 трлн теңге бағытталады.