Президент төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынды

Sputnik
АСТАНА, 16 наурыз – Sputnik. Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымында сөйлеген сөзінде Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынды, деп хабарлайды Ақорда.
"Біз табиғи апаттың алдын-алу үшін күш жұмылдыруымыз керек. Түркиядағы зілзала қауіп-қатерге қашанда дайын болу қажеттігін көрсетті. Сондықтан, ұйым аясында Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынамын. Оны Алматыдағы Төтенше жағдайлар және алапат жер сілкіністерінің қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың негізінде ашуға болады", - деді президент.
Оның айтуынша, бұл орталықты 2016 жылы Қазақстан және Қырғызстан үкіметтері құрған.
"Бірлескен күшке Ұйымның Азаматтық қорғаныс хатшылығы мәртебесін берген жөн деп санаймын. Ол апаттан зардап шеккен елдерге көмек көрсету жұмыстарын үйлестіретін болады. Осы құрылым аясында халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соынмен қатар президент төтенше жағдайдың алдын алу үшін ақпарат бөлісіп, құтқарушылардың тәжірибе алмасуы өте маңызды екенін атап өтті.
"Биыл күзде Қазақстанда "Қазқұтқару" халықаралық оқу-жаттығу жиындары өтеді. Ұйымға мүше елдердің құтқару қызметтерін аталған іс-шараға қатысуға шақырамын. Сол кезде осы салаға жауапты мекеме басшыларының алғашқы басқосуын өткізуге болады", - деді президент.