Шымкентте 170 киіз үй тігіледі: этноауыл салынып жатыр

Sputnik
АСТАНА, 16 наурыз – Sputnik. Шымкенттіктер Наурыз тойын тойлау үшін арнайы этноауыл салып жатыр, деп хабарлады "Хабар 24".
Мереке қарсаңындағы ауқымды құрылысқа жүздеген маман жұмылдырылды. Ұйымдастырушылар ипподромды қоса алғанда 25 гектар жер ұлттық нақышта сипат алатынын айтады. Алтыбақан тұрғызылып, 170 киіз үй тігіледі, 2500 литр көже дайындалады.
Еліміздің әр аймағынан ат тізгінін тартқан спортшылар мен білекті балуандар шақыртылды. Сондай-ақ ас дайындаушылар арасында сайыс өткізіліп, ұлттық киім үлгісі насихатталады.
Мереке өнерпаздардың гала концертіне жалғасады. Жалпы, жиынға мың жарымнан астам адам қатысады деп жоспарланып отыр.
"Ұлттық ойынның ішінде 11 аталым бар. Ұлттық киім, ұлттық өнер, ұлттық тағамның ішінде 7 номинациядан. Негізі барлығы 46 номинация. Осы жобаның басты мақсаты – қазақтың дәстүрін, ойындарын бір үлкен деңгейде көрсету", - деді ұйымдастырушы Жан Мұқанов.