250 мың тонна ресейлік мұнай Қазақстан арқылы Өзбекстанға транзитпен жөнелтіледі

Sputnik
АСТАНА, 16 наурыз – Sputnik. "ҚазТрансОйл" АҚ наурызда Өзбекстанға 25 мың тонна ресейлік мұнайды транзиттік тасымалдауды жоспарлап отыр, деп хабарлады бейсенбі күні ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Жалпы бір жыл ішінде жоспар бойынша Ресей Федерациясынан 250 мың тонна мұнай "ҚазТрансОйл" мұнай құбырлары арқылы Өзбекстанға Қазақстан арқылы жөнелтіледі.
"Қазақстан Республикасы энергетика министрлігі бекіткен мұнай жеткізу кестесіне сәйкес "ҚазТрансОйл" АҚ наурызда Омбы – Павлодар – Шымкент – Шағыр мұнай құю эстакадасы (темір жол цистерналарына мұнай құю) бағыты бойынша Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Өзбекстан Республикасына 25 мың тонна ресейлік мұнайды тасымалдауды жоспарлап отыр", - деп жазылған хабарламада.
Комапнияда хабарлағандай, 2023 жылы "ҚазТрансОйл" АҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы Өзбекстанға ресейлік мұнай транзитінің ықтимал көлемі 250 мың тоннаны құрайды.
"ҚазТрансОйл" АҚ – магистральдық мұнай құбырының ұлттық операторы, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының тобына кіреді. Ұзындығы 5,4 мың километр болатын магистральдық мұнай құбырларының әртараптандырылған желісіне иелік етеді.