Жер мәселесі: Алматы облысындағы ұжымшардан дау шықты

Sputnik
АЛМАТЫ, 15 наурыз – Sputnik. Алматы облысы Панфилов ауылының тұрғындары жерге таласып жатыр, деп хабарлады Almaty.tv.
Кезінде ұжымшар болып құрылып, қазір қайда барарын білмеген Панфилов ауылдық округінің тұрғындары кімге базынасын айтарын білмейді. Еңбегіміз еленбеді деген дүйім ел тиесілі жер телімін ала алмай жүр.
"Осы кеңшарда әке-шешеміз істеген. Кербұлақтан өткен жылдан бері қуа бастады. "Малыңды алып, біздің жерден кетіңдер" деді", – дейді облыс тұрғыны Айдын Хамитов.
"Ұжымшар құрылғанда біреу атын, біреу арбасын алып келді. Сол жерді игеріп, дән алып үлесін қосып отырды. Ал тараған кезде үлесін алуы керек қой. Бірақ бір адам жерін алған жоқ", – деді облыс тұрғыны Айдар Рахымжанұлы.
Жер телімінің қазіргі заңды иесі "Байсерке Агро" ЖШС директоры бұқараның базынасымен келіспейді.
"1990 жылы Қажыгелдиннің қаулысымен, мемлекеттің қаулысымен кеңшардағы жер берілмейді деген. Қазір халыққа жұмыс беріп отырмыз", – деді "Байсерке агро" ЖШС директоры Қазыбек Ақсақалов.
Ал жергілікті әкімдік жекенің ісіне араласа алмайтынын айтады. Алайда бұл даудың бұған дейін де болғанын жасырмайды.
"Бұл кісілер сотқа барды. Соттың шешімі бар. Егер "Байсерке агро" ЖШС қандай да бір заңсыз әрекет етсе, сот арқылы жерді қайтарып алатын еді. Енді біз егер өтініш жазатын болса, бұл кісілерге сотқа дейін бағыт-бағдар беріп, көмек жасай аламыз", – деді Панфилов ауылдық округі әкімінің орынбасары Сәуле Мықтыбаева.
Панфилов ауылындағы 2 200 гектар жер қазір егіс алқабына айналып, болашақта жүгері егіледі.