АСТАНА, 15 наурыз-Sputnik. "Бәйтерек" холдингі "Қазақстанның Даму Банкі" (ҚДБ) мен "KazakhExport" АҚ-ның қызметінде бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Бұзушылықтар "Бәйтерек" холдингі қызметінің мемлекеттік қолдау шараларына тең мүмкіндікті қамтамасыз ету тұрғысынан жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша анықталды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ҚДБ ірі инфрақұрылымдық жобаларға жеңілдікпен кредит беруді жүзеге асырады. Банктің ішкі құжаттамасын зерделеу барысында бұрын ҚДБ-ның қаржы құралдарына қол жеткізген қарыз алушылар үшін негізсіз бәсекелестік артықшылықтар жасайтын ережелер анықталды. Атап айтқанда, қарыз алушылардың осы санаты үшін банктік сараптама рәсімдерінен өтпей-ақ қосымша қаржы алуға жол берілген.
Сонымен қатар Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде қаржыландырудың бекітілген, теңдестірілген схемаларының болуына қарамастан (50% бюджеттік қарыз, 50% өзге де көздер) банктің жекелеген жобалары бюджет қаражаты есебінен толық кредиттелді, ал басқалары тең емес пропорцияда не 100%-ға өзге көздерден тартылған.
Бұл әрекеттер қарыз алушыларды теңсіз шарттарына алып келген. Сонымен қатар банк қызметіндегі қолдау шараларын алуға өтінімдер жеделдетіп қарастырылған. Мысалы, жекелеген жобалар келіп түскен сәттен бастап бекітілген 70 күнтізбелік күннің орнына келісімдер 2-3 тәулік ішінде берілген, ал басқа жобалардың пысықтау мерзімі бұзылып, 300 күннен асып кеткен, делінген хабарламада.
"KazakhExport" АҚ қызметін талдау барысында мемлекеттік қолдау шараларын алушыларға қарсы міндеттемелерді белгілеу кезінде тең жағдайлар жасалмаған.
"Жоғарыда аталған фактілер бойынша мемлекеттік қолдау шаралары операторларының атына Қазақстан заңнамасын бұзу белгілерінің бар екендігі туралы хабарламалар енгізілді. Бұдан басқа, болашақта осындай фактілерге жол бермеу мақсатында "Бәйтерек" холдингінің атына бұзушылықтар белгілерін және оларға ықпал ететін мән - жайларды жою туралы нұсқама енгізілді", - делінген хабарламада.
Монополияға қарсы органның хабарламалары ақпаратты алған сәттен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде орындалуға тиіс.