АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. Жалпы қолданыстағы аумақты ластағаны үшін 15 құрылыс компаниясы жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Биыл қоғамдық орындарды ластағаны (434-2-бап) және абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін (505-бап) тәртіп бұзушыларға 50 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Олардың қатарында 15 құрылыс компаниясы бар", - деп жазылған хабарламада.
Түрлі кәсіпорындар, соның ішінде құрылыс компаниялары, қала тұрғындары өз құрылыс қалдықтарын сырт аумаққа апарып, рұқсат етілмеген жерге тастап кетеді, деп хабарлады әкімдіктегілер.
Қоқыс қала экологиясының нашарлауына әсер етіп қана қоймай, тұрғындардың тұрмысына қолайсыз жағдай туғызып жатыр.
Өткен жылы 300-ге жуық қоқыс тастайтын орын жойылды. 35 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.