Алматы облысында үшем дүниеге келді

Sputnik
АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханада 22 ақпан күні дүниеге келген үшем үйіне шықты. Аталған перзентханада екі ұл бір қызды өмірге әкелген Ақмарал Айдар 29 жасында көпбалалы ана атанды.
Ақмарал үшемдерден өзге үш баланың анасы. Балалардың үлкені 8 жаста. Үшемнің үлкені Қаракөз 2460 гр, Садық 2100гр, Сыдық 1820 гр салмақпен туған.
Алматы облысында үшемдер дүниеге келді
Қарасай ауданаралық көпсалалы аурухана директорының ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары Индира Кабаева әйел жүктілік кезінде қатаң бақылауда болғанын айтты.

"Үшемді анасы жүктіліктің 36 аптасында босанды. Жалпы үшемдерді бірден босану ана мен бала денсаулығы үшін қауіпті. Сондықтан қатаң бақылауда ұстадық. Балалар кесарь тілігі арқылы дүниеге келді. Қазір үшемнің де, анасының да жағдайы бірқалыпты",- деді Индира Кабаева.

Көпбалалы ана атанған Ақмарал Айдар өз кезегінде дәрігерлерге алғысын білдірді.
Қарасай ауданында 2023 жылы өмірге келген алғашқы үшемнің күтіміне тұрғылықты жерінде орта медицина қызметкерлері көмек көрсетеді.
Индира Қабаеваның айтуынша, учаскелік дәрігер балалардың денсаулығын бақылауда ұстап, балаларға арналған тамақпен қамтамасыз етіледі.