АСТАНА, 14 наурыз – Sputnik. "Роскосмостың" еншілес кәсіпорнынан Қазақстанға ірі сомада өтемақы өндіріледі. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Астана" халықаралық қаржы орталығы сотының шешімімен ресейлік "Жердегі ғарыш инфрақұрылымы нысандарын пайдалану орталығы" ("ЖҒИНПО") АҚ-дан "Бәйтерек" қазақстандық-ресейлік бірлескен кәсіпорны" АҚ пайдасына 13 миллиард 684,5 миллион теңге өндіріледі", - деді Мусин үкімет кулуарында.
Министрдің пікірінше, сот шешімінен кейін апелляциялық инстанцияда сот процестері болуы мүмкін.
"Бұл екі кәсіпорын. Бір тараптан – "Бәйтерек" БК" АҚ, ал екінші тараптан – "ЖҒИНПО" АҚ. Халықаралық қаржы орталығының төрелік сотында оларда сот процестері өтті. Оның қорытындысы бойынша сот шешім шығарды. Енді сот орындаушысы Қазақстан заңы бойынша әрекет етіп жатыр", - деді министр.
Мусин сот шешімі Байқоңыр кешенінің бүкіл мүлкін бұғаттауды көздемейтінін атап өтті. Тек "ЖҒИНПО" мүлкі туралы ғана сөз болып отыр. Оның мүлкі республика аумағында орналасқан.
Министрліктің ақпаратынша, Роскосмостың еншілес компаниясы қоршаған ортаға әсерді бағалау жұмысын жүргізуге тиіс болған. Алайда жеткізуші жұмыстың осы бөлігін орындамағандықтан, "Бәйтерек" бірлескен кәсіпорны сотқа "ЖҒИНПО" АҚ-дан оның нақты құнын өндіру туралы талаппен сотқа жүгінген.