АСТАНА, 14 наурыз – Sputnik. Ішкі істер министрлігі есірткі бизнесіне тосқауыл қою үшін жасанды интеллектіні пайдалануды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
ІІМ басшысы Марат Ахметжановтың айтуынша, бүгінде есірткі бизнесі толығымен кибер салаға көшкен. Есірткіні "Телеграм-боттар" немесе басқа да интернет-ресурстар арқылы сату кеңінен тарап жатыр.
"Мысалы, биыл тіркелген әрбір жетінші есірткі қылмысы – интернет арқылы сатумен байланысты. Әрине, біз мұндай инкогнито интернет-дүкендерді жауып жатырмыз. Биыл 604 есірткі сайтын жаптық", - дейді министр үкімет отырысында.
Бірақ, айтуынша, бұл шара мәселені түбегейлі шешпейді. Өйткені жаңа сайттарды ашу – тез, ал оны анықтау – ұзақ. Ұйымдастырушыларды анықтау – одан да күрделі. Себебі, олар шетелде тұрады.
"Мұндай заңсыз "контентті" тоқтату үшін заманауи аппараттық-бағдарламалық жабдықтар қажет. Сондықтан Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің үш жылға арналған кешенді жоспарында тиісті құралдармен қамтамасыз ету көзделіп отыр", - деді Ахметжанов.
Ол заманауи құралдар әлеуметтік желілер немесе сайттар арқылы есірткінің таралуын анықтауды автоматтандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ "Кибернадзор" жүйесі ашылған есірткі сайттарын онлайн түрде бұғаттайды.
"Яғни, жасанды интеллект өзі анықтап, дереу тосқауыл қояды. Сонымен қатар, сайтты ұйымдастыратын және оны пайдаланатын адамдарды анықтауға мүмкіндік болады", - деді ІІМ басшысы.