АСТАНА, 14 наурыз – Sputnik. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров үкімет отырысында ел экономикасының жай-күйі жыл басынан бері қалай өзгергенін баяндады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл қаңтар-ақпанда Қазақстан экономикасы 4,3%-ке өсті. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 2,7%-ті, ал қызмет көрсету саласындағы өсім – 5%-ті құрады", - деді ол үкімет отырысында.
Айтуынша, негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалып отыр. Әсіресе құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс ең жоғары өсім көрсетті.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 19,2%-ке өсті.
Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтарда сыртқы сауда тауар айналымы 15,7%-ке өсіп, 10,3 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 0,4%-ке артып, 6,1 млрд долларға дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 21,5%-ке ұлғайып, 2,1 млрд доллар болды.
Тауар импорты 4,2 млрд долларға жетті.
"Жалпы, оң сауда балансы 1,9 млрд долларға тең", - деді Қуантыров.
Өңдеу өнеркәсібінде де оң өсім сақталып отыр. Өндіріс көлемі 2,5%-ке өскен. Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 0,5%-ке жоғарылады.