АСТАНА, 14 наурыз – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов министрлер мен әкімдерге экономиканы одан әрі өсіру бойынша бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Сыртқы және ішкі сын-қатерлерді ескере отырып, алдағы айларда да экономиканың тұрақты өсу қарқынын ұстап тұрудың өте маңызды. Осыған байланысты министрлер өңір әкімдерімен бірлесіп, экономиканы одан әрі әртараптандыру мен тұрақты жұмыс орындарын құруға басымдық беруі қажет", - деді Смайылов үкімет отырысында.
Айтуынша, іскерлік белсенділікті арттырып, экономиканы сапалы дамыту үшін ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту, жоспарланған инвестициялық жобалар пулын іске асыру жұмысын күшейту керек. Әсіресе шикізаттан басқа салаларда.
Өңірлерде бизнес-бастамаларды жандандыру мақсатында индустриялық аймақтарды, Алматы және Шымкент қалаларының тәжірибесі бойынша шағын өнеркәсіптік парктерді одан әрі дамытуды қамтамасыз ету қажет.
Кәсіпкерлік пен бәсекелестікті дамыту, сондай-ақ көлеңкелі экономика деңгейін төмендету жөніндегі шараларды іске асыру маңызды.
"Бизнеспен тұрақты негізде диалог жүргізіп, олар көтеретін барлық проблемалық мәселені шешу қажет. Нәтижелі жұмыспен қамтамасыз ету және халықтың нақты табысын арттыру – негізгі басымдық. Сонымен қатар өңір әкімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жұмысын жалғастыруы керек", - деді үкімет басшысы.
Премьер инфляция деңгейін төмендету үшін барлық тиісті шараны қолға алуды тапсырды.
Бұдан бөлек ол бюджет қаражатын уақытылы игеру үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне қаржылық тәртіпті күшейту туралы тапсырма берді.