АЛМАТЫ, 13 наурыз – Sputnik. Талдықорғанда балалардың соңынан ілесіп, аңдыған ер адамға іздеу жарияланған болатын. Полиция күдіктінің ізін суытпай ұстады, деп хабарлады Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Талдықорғандықтарды үрейлендірген ер адам ұсталды. Ол оқушылардың денесіне қолын жүгіртіп, соңынан аңдыған.
"Талдықорған полицейлері қала тұрғындарының айтуы бойынша оқушыларды қудалаған ер адамды ұстап, қалалық полицияға жеткізді. Күдікті 20 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Жігіттің психикалық ауытқуы бар екені анықталды. Ол ата-анасымен бірге тұрады. Ұлына бақылауды күшейту және оны қараусыз қалдырмау туралы ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді", - деп хабарлады ведомство.
Еске сала кетейік, бөтен ер адамның балалардың ізінен қалмай аңдығанын айтып, талдықорғандық ата-аналар дабыл қаққан болатын.
"Мүмкіндігінше көп ата-ана хабардар болсын. Төртінші шағын ауданда 14 және 16-мектептердің жанында бір ер адам жүреді, балалардың денесіне қол жүгіртеді. Ұзын бойлы, арықша келген. Шамамен 30-40 жаста, үнемі көк күртеде жүреді. Ол сондай-ақ 28, 29, 30, 32-үйлердің аулаларында да жүреді", - деп тұрғындар смс хабарламалар таратқан.