АЛМАТЫ, 13 наурыз – Sputnik. Түркістан облысы Сарыағаш ауданында кәсіпкер жұмыртқаның бағасын заңсыз көтерген, деп хабарлайды "Түркістан" телеарнасы.
Пайда таппақ болған кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі күні мұндай олқылықтарды болдырмау үшін арнайы рейд ұйымдастырылды. Әлдеуметтік тауарлардың бағасын 15%-ға қымбаттатқан сатушы немесе кәсіпкер заң алдында жауапқа тартылады. Заңды белден басқандар 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Түркістан облысында апта сайын әлеуметтік дүкендерге тексеру жүргізіледі. 19 түрлі азық-түлік тауарларының бағасы назарда болады.
"Кәсіпкерлер немесе басқа да азаматтар алаяқтық схемалар жасаған жағдайда біздің департамент қылмыстық іс қозғайды. Біздің департаменттің жедел уәкілдері қарқынды түрде жұмыс істеп жатыр", - деп мәлімдеді Түркістан облысы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай.
Тауардың негізгі немесе әлеуметтік екенін білдіретін арнайы белгісі болады. Егер оны білмесеңіз қалтаңыздан қағыласыз. Мұндай тауарлар арнайы бақылау жасау арқылы алынған. Олардың тасымалдауынан бастап, сатылуына дейін қатаң қадағаланады.