АЛМАТЫ, 11 наурыз – Sputnik. Astana Hub халықаралық технопаркі Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) елдерінің үздік технологиялық стартаптарына әлемдік нарыққа, соның ішінде АҚШ нарығына шығуға мүмкіндік ұсынады. Осы мақсатта Astana Hub әйгілі Draper University-мен келісім жасасып, 20 перспективті стартапты Кремний алқабында Hero Training интенсивті бағдарламасы аясында дамытатын болды, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
Ынтымақтастық туралы келісімге 2023 жылғы 10 наурызда Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев пен Draper University президенті Asra Nadeem Сан-Матео қаласында (Калифорния штаты) цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің АҚШ-қа ресми сапары барысында қол қойды.
"Кремний алқабында орналасқан Draper University қазірдің өзінде көптеген жас IT-компаниялар үшін табысқа жетудің катализаторына айналды, өйткені ол жерде ресурстардың, капиталдың және халықаралық сарапшылардың бірегей үйлесімі бар, бұл стартаптардың жылдам дамуына мүмкіндік береді. Біздің ынтымақтастығымыз бағдарлама қатысушыларына өз бизнесін жаңа деңгейге көтеріп, жаһандық ауқымдағы кәсіпкерлікте бәсекеге қабілетті компанияға айналуға мүмкіндік беретініне сенімдімін", - деді министр Бағдат Мусин.
Бағдарлама мынадай кезеңдерден тұрады:
Үздік 80 жоба өнімді әзірлеу және масштабтау, сондай-ақ халықаралық венчурлық қорлардан инвестиция тарту принциптері бойынша 2 апталық онлайн бағдарламасына қол жеткізе алады.
Үздік 20 жоба тәжірибелі технологиялық кәсіпкерлер және сарапшылардың жетекшілігімен инвестиция тарту әрі АҚШ нарығына шығу үшін Кремний алқабындағы Draper University-де 6 айға дейін тегін баспана және жұмыс орнымен қамтамасыз етіліп, 5 апталық қарқынды бағдарламасынан өту мүмкіндігіне ие болады.
Draper University негізін венчурлық капитал бизнесінде 38 жылдық тәжірибесі бар Тим Драпер қалады, оның басқаруында 11 қор бар, $7 млрд инвестиция салған, оның есебінде 34 unicorn және 6 rhino компания бар.
Hero Training бағдарламасына өтініш биылғы 7 сәуірге дейін қабылданады. Сілтеме арқылы бағдарлама шарттары туралы толығырақ біліп, қатысуға өтінім жолдауға болады.