АСТАНА, 11 наурыз – Sputnik. Маңғыстау облысында парламент мәжілісі депутаттығына бір мандатты округ бойынша кандидат Киікбай Медеуов 25 жыл бұрын алған акциясы үшін сайлаудан шеттетілді.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
"Жоғарғы сот аудандық сайлау комиссиясының 6 наурыздағы шешіміне қарсы талап арызымды қанағаттандырмай, мені парламент мәжілісінің депутаттығына кандидаттықтан алып тастады", – деп жазды Медеуов.
1998 жылы "Өзенмұнайгаз" жалақы төлеуге ақшасы болмай, Медеуовке "Нефтебанктің" 77 дана акциясын берген.
"Осы бір көк тиын құны жоқ қағаздың бұл дүниеде бар екенін мен білмесем де, мемлекеттік деген орган іздеп тауыпты", - дейді Киікбай Медеуов.
Кейін "Нефтебанк" акционерлерін ауыстырып, "Дельта банк" болып қайта құрылды. Алайда банк сот шешімімен 2018 жылы жұмысын тоқтатты.
"Бағалы қағаздар нарығы туралы" заң бойынша менікі дұрыс. Бірақ "Сайлау туралы" заңға ғана сүйенген Жоғарғы соттың шешімі басқаша болды, оның арғы жағында орган жоқ шағымданатын! Бұл ақырғы шешім, арыздануға жатпайды", - деп ашуланды экс-кандидат.
Парламент мәжілісі депутаттарын сайлау 19 наурызда өтеді.