АЛМАТЫ, 9 наурыз - Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының машина жасау зауатының жұмысын көрді, деп хабарлайды Ақорда.
Кәсіпорын мұнай мен газ, күрделі металл конструкцияларын өндіруге, өңдеуге, тасымалдауға арналған жоғары технологиялық жабдықтар шығарумен айналысады. Компания – General Electric компаниясының газ турбинасы бойынша стратегиялық серіктесі.
Зауыттың аумағында "Baker Hughes General Electric Company" сертификаттаған және BHGE мамандарының ұсыныстарына сәйкес заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.
Зауыт ауыл шаруашылығының қажеттіліктері үшін Fregat себелеп суаратын машиналар өндірісін дамыту жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Кәсіпорын жұмысымен танысқан мемлекет басшысы жаңа жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, өндіріс орны мұнай-газ және энергетика салаларына арналған жоғары технологиялық жабдықтар шығарады, сондықтан бұл салаларда отандық машина жасау өнімдерінің үлесін арттыру маңызды.