АЛМАТЫ, 9 наурыз – Sputnik. Қостанайда жарысқа бармаған балаларға жалған құжат жасалған, деп хабарлады "Алау" ақпараттық порталы.
Прокуратураның мәліметінше, жаттықтырушылар балалардың жарыстарға және оқу-жаттығу жиындарына барғаны туралы қаржылық есептерді жалған рәсімдеп, берілген ақшаны қалтасына басып отырған. Ұрланған ақшаның жалпы сомасы – 6 миллион теңге.
Қылмыстық схема әшкереленді.
Үш жаттықтырушы сеніп тапсырылған қаражатты иемденді деген айыппен сотқа тартылды. Олар кінәсін толық мойындап, шығынды өтеген.
Екі жаттықтырушыға қатысты тараптардың өзара татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.
Ал үшінші жаттықтырушы шартты түрде 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, өйткені ұрлық әрекетінің ауқымы ауыр қылмыс ретінде есептелген.
Үкім заңды күшіне енді.