Қазақстанда бірнеше қылмыстың жазасы күшейтіледі

Sputnik
АСТАНА, 9 наурыз — Sputnik. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жазасы күшейтілетін қылмыс түрлерін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенат қарауына енгізілген заң бойынша алдымен Қылмыстық кодекстің 272-бабы, 1-бөлігінде жаппай тәртіпсіздіктерге шақырғаны үшін бас бостандығынан айыру жазасын 3 жылдан 5 жылға дейін арттыру жоспарланып отыр. Телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы жасалған осындай әрекетке 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ал қылмыстық топ құрамында жасалса, кінәлі адам 5-7 жылға сотталады.
Бұдан бөлек, адам өлтіру қылмысы үшін жаза күшейтіледі.
"Ерекше цинизммен және қылмыстық топтың құрамында жасалған кісі өлтіру мен бандитизмүшін шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігін бермеу көзделіп отыр", - деді Ахметжанов сенаттың бүгінгі отырысында.
Қылмыстық кодекстің 146-бабына (Азаптау) "Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын әрекет үшін" құқық бұзушылықтың жаңа құрамы енгізіледі.
Сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық салада жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтіледі.