АЛМАТЫ, 9 наурыз - Sputnik. Қазақтың "Құдаша" әні Қытай елінің жастарының арасында хитке айналды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
6-17 ақпанда "Гауһартас" музыкалық премьерасы Астанадағы жас көрермендер музыкалық театрында көрсетілді. Сол премьераға дайындық барысында он шақты күн бұрын театр әртістері халық әні "Құдаша" әнін орындап әрі билеп "Тик-ток" әлеуметтік желісіне түсірген.
Санаулы сағатта ән мен би миллионнан аса қаралам жинап, хитке айналды.
"Құдаша" халық әні "Гауһартас" қойылымының көрінісінде орындалады. Тек бір ғана видеосы 1,5 млн қаралым жинапты. Ал қалған видеолар 600 – 700 мыңдай адам көріпті. Әртүрлі әлеуметтік желіде тарап жатыр әлі де. Біздің бейнежазбаны белгілеп, солай ән айтып, би билеп салып жатқан мекемелер өте көп. Соның бірі - Қытай еліндегі жастардың бейнежазбасы", - дейді Астана қаласы жас көрермендер музыкалық театрының ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Әділғазы Кереев.
"Көңілім босап, көзімнен жас парлады"
Қазақ киносының алтын қазынасына айналған алғашқы фильмдердің бірі "Қыз жібек" болса, екінші орында "Гауһартас" фильмі. Бұған дейін кино арқылы Салтанат аруға тәнті болған қазақ қоғамы үшін "Гауһар тас" алғаш рет театр төрінде сахналанды. "Гауһартас" повесінің авторы ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты жазушы, драматург Дулат Исабеков. Бұл шығармасын жазушы 25 жасында жазған екен.
"Гауһартас" қойылымынан көрініс
© Астаналық жас көрермендер музыкалық театры
"Астанаға арнайы барып, "Гауһартас" премьерасын көрдім. Өте керемет болды. Көптен бері бармап ем, бірінші рет театрға бардым. Өте жақсы көңілде болдым. Кинода ғана көрсетілген, шығарманың сахналық нұсқасы қалай болар екен деген күдік те болды көңілде. Шығарманы сахналаған Асхат Маемиров барын салыпты. Туындыдағы ұсақ-түйек жері де шет қалмаған. Екі сағаттың қалай өтіп кеткенін білмей қалдым. Музыкалық білімі бар жастардан алыпты, шырпы тисе өртенейін деп жанып тұрған жастар. Хор өте кәсіби орындалды. Гауһартастың идеясын ұстай білген, ұлттың ұмытылып кеткен болмысын насихаттай білген тамаша қойылым болды", - дейді жазушы Дулат Исабеков.
Дулат ағамыз "Гауһартасты" көріп отырып тіпті көз жасына қалай ерік бергенін де байқамай қалған.
"Көңілім босап, көзімнен жас парлады. Қарасам қасымдағы кісілер де жылап отыр екен. Қайыркен кететін кезде Салтанат ауырып жатып, сыртқа камшат бөрік алып шыққан жері өте керемет. Көңілің толқиды. Қайыркен Салтанаттан "бөрікті қайтем" деп сұрайды. Сонда Салтанат "келіншегің киеді, мен оған арнайы тіктім" деп жауап береді. Ол мұны не қылады деп Қайыркен айтқанда Салтанаттың ренжіген жері де әсерлі. Шынымды айтсам өзім жазған шығарманың кей жерін өзім де ұмытып қалыппын. Тастанның да образын керемет сомдаған", - дейді Дулат Исабеков.
"Гауһартас" қойылымынан көрініс
© Астаналық жас көрермендер музыкалық театры
Әнге де, спектакльге де үлкен талап қойылды
"Гауһартас" спектаклінің авторы әрі режиссері Астана қаласы жас көрермендер музыкалық театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көркемдік жетекшісі Асхат Маемиров.
Шығарманы сахналамас бұрын Астанадан Алматыға ат арытып келіп, Дулат Исабековтің рұқсатын мен батасын алған екен.
"Белгілі жазушы-драматург Д.Исабековтің "Гауһартас" музыкалық драмасы - театрымыздың репертуарынан өз орнын алған 16-шы қойылым. Прозалық туындыны музыкалық театр тілімен сөйлету - өз алдына күрделі шығармашылық процесс. Дулат ағадан рұқсатын алып спектакльге ұзақ дайындалдық. Повестке инсценировка жасауға Дулат аға рұқсат еткен соң, сахналық нұсқасын жазуға отырдым. Ең алдымен, Дулат ағадан "Гауһартасты" музыкалық драма жанрында сахналауға рұқсат алдық", - дейді Асхат Маемиров .
Әсіресе, музыкалық қойылымның хор партияларын жазған белгілі хормейстер Ғалымжан Берекешовтің алдына спектакльдің режиссері ретінде үлкен мақсат қойылды. Ол - 1960-70-ші жылдардағы ел жүрегінен орын алған әндерге қазіргі жастардың көзқарасы, психологиясымен туындыға заманауи сипат беріп және түпнұсқаның қаймағын бұзбай трактовка жасау.
"Гауһартас" қойылымынан көрініс
© Астаналық жас көрермендер музыкалық театры
"Гауһартас" музыкалық драмасындағы орындалатын әндер - премьера болған күннен бастап көрермен жүрегінің төрінен орын алған.
"Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі орта мектептер мен колледждердегі оқушылардың, студенттердің біздің театр артистерінің орындауындағы "Құдаша" әнін мерекелік кештерде сахналық композиция, флешмоб жасап жатқанын көріп сүйсініп қалдық. Тіпті Қытайдағы қандастарымыздың әнді бірге шырқап, билеп жатқаны да жүректі елжіретті. Ән құдіреті, өнер құдіреті деген - осы шығар! Қойылымның режиссері ретінде жастардың санасына әнмен сілкініс жасағанымызға, жан сарайларына "Халық әні" сынды қазынамызға рухани шуақ төккенімізге қуандық. Қазақ әні ешқашан өлмейді!" - дейді Асхат Маемиров.
Салтанаттың рөлін Инабат Ризабекова, Қайыркен ролін Асылхан Төлепов сомдаса, Тастанның ролін Оразалы Игілік аса шеберлікпен ойнап шыққан.
Астана қаласы музыкалық жас көрермен театры биыл өзінің 3-ші маусымын ашты. Екі жыл уақыттың ішінде 15 қойылым сахналанған. Әрбір қойылымның сахналану процесі - күрделі әзірлік сәттерінен, көркемдік ізденістерден тұрады. Әр қойылым өзіне тән ерекшелікке ие дейді сахна майталмандары.