АЛМАТЫ, 9 наурыз – Sputnik. Бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектановқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты BaigeNews.kz агенттігіне хабарлады.
"М. Бектанов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабының 3-бөлігі бойынша 24.02.2023 жылғы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының үкімімен сотталды, оған ең жоғары қауіпсіздік қылмыстық - атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды", - деп хабарлады сот.
Сот істің "құпия" қаралғанын айтып, толық ақпарат бермеді.
Естеріңізге сала кетейік, қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшысына қатысты тергеу 2022 жылдың 19 ақпанында "қызметтегі әрекетсіздік фактісі бойынша" басталды. Бұған дейін оны президент қаңтар оқиғасы кезіндегі әрекетсіздігі үшін сынға алған болатын. Бас прокурор Берік Асылов экс-қорғаныс министрінің "заңсыз бұйрықтар беріп, әскери стратегиялық нысандарды қорғаусыз қалдырғанын" және "әскери жағдайда өз билігін асыра пайдаланғанын" айтты.