Атырау облысында теміржол компаниясына 1 миллион доллардан астам айыппұл салынды

Sputnik
АСТАНА, 9 наурыз – Sputnik. Атырау облысындағы теміржол компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті Атырау көлік прокуратурасымен бірлесе отырып, "РТИ-АНПЗ" ЖШС-ның іс-әрекетінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу фактісін анықтады.
Мемлекеттік органдардың мәліметінше, компания монополиялық жоғары бағаларды белгілеу (вагондарды ағымдағы ажырату және ағымдағы ажыратусыз жөндеу қызметтері бойынша) және балама келісімдерге әртүрлі бағаларды немесе әртүрлі шарттарды қолдану (вагондарды жеткізу және тазалау, сондай-ақ ағымдағы ажырату бойынша жөндеу жұмыстарын орындауға арналған келісімшарттар бойынша) бойынша монополиялық жағдайын асыра пайдаланған.
Атырау көлік прокуратурасының ұсынысы негізінде монополияға қарсы іс-қимыл департаменті "РТИ-АНПЗ" ЖШС-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады. Істі қарау нәтижесі бойынша Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен "РТИ-АНПЗ" ЖШС жалпы сомасы 485 миллион теңгені (шамамен 1,1 миллион доллар) құрайтын әкімшілік өндіріп алумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды және көрсетілген айыппұл толығымен мемлекет пайдасына төленді.