АСТАНА, 9 наурыз – Sputnik. Ақтөбеде су тасқынының салдарын барынша азайту мақсатында коммуналдық қызметтер, мердігерлер мен құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәскеуден Шанхайға дейін
Ералы Тоғжанов су тасқынына қарсы шаралардың барысымен жеке танысты, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі. Өңір басшысы барған Шанхай мен Мәскеу көшелерінде қар тазалау, еріген суды сору жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр.
Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, 14 мердігер мекеме қала көшелерінде екі ауысымда күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жұмылдырылған арнайы техника саны 243 бірлікке дейін ұлғайтылды.
Қыс басталғалы полигонға 210 мың текше метр қар шығарылса, 7 наурыздан бері көшелерден 17 мың текше метрге жуық еріген су сорылып, 2 шақырым арық тазартылды.
Екі аймаққа бақылау жүргізілді
Ералы Тоғжанов төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірге су басу қаупі бар аумақтарға ұшақпен бақылау жүргізді. Мамандар облыстың бірқатар ауданындағы өзендер мен су қоймаларының бойындағы қар мен ылғал қорының ауқымын нақтылап, бөгеттердің жағдайын тексерді.
Ұзындығы 400 шақырымды құрайтын әуе бағдары Алға және Темір аудандарының аумақтарын қамтыды.
Алға ауданы аумағында облыс әкімі Жіңішке өзенінің бастауын, Қайыңдысай ауылындағы ескі Тәңірберген бөгетін тексеріп, ескі Көлтабан бөгетін қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.
Тоғжанов Темір ауданындағы Шұбарқұдық – Ойыл тас жолының жай-күйімен де танысты. Күн күрт жылынып, қардың қалың жаууына байланысты аталған тас жолдың 16-шы шақырымда даладан еріген қар суының тасу қаупі туындады. Су арнайы арналар арқылы бұрылып, қауіп жойылды.
Сазды, Тамды өзендерінің бастауын тексергеннен кейін облыс әкімі өңірде су тасқынының алдын алу үшін тұрақты бақылауды күшейту қажеттігін айтты.