АСТАНА, 8 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
"Сіздер әлемге жылулық пен жарасым сыйлап, жақын жандарыңызды махаббатқа бөлейсіздер. Аяулы аналарымыз өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, оларды еңбекқор, білімпаз болуға тәрбиелейді. Бүгінде әйелдер қауымының отбасындағы, қоғам өміріндегі және мемлекетті жан-жақты дамыту ісіндегі рөлі орасан зор", - делінген құттықтауда.
Президент қыз-келіншектер өндірісте, шығармашылық жолында, саясат, бизнес және басқа да көптеген салада биік белестерді бағындырып жатқанын атап өтті.
"Мемлекет гендерлік теңдікті сақтауға, әйелдер құқығын қорғауға және отбасы құндылықтарын нығайтуға әрдайым баса мән береді. Аналарымыз бен аруларымыздың алаңсыз өмірі – ұлтымыздың жарқын болашағының кепілі", - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Тоқаев әйелдерге зор денсаулық, бақ-береке және әрдайым көктем күніндей жадырап жүруді тіледі.