Қоғам

Қазақстандықтар Халықаралық әйелдер күнін атап өтіп жатыр

Жыл сайын 8 наурыз күні республика халқы демалады
Sputnik
АСТАНА, 8 наурыз – Sputnik. Бүгін ақ жаулықты апалар, ардақты аналар мен аяулы қыздар Халықаралық әйелдер күнін тойлап жатыр.
Бұл күннің тарихы өз бостандығы мен құқықтары үшін көшеге шыққан әйелдердің күресімен байланысты болса да, бүгінде 8 наурыз – жүрекке жылулық пен мейірімділік сыйлайтын көктемнің шуақты мейрамы.

Халықаралық әйелдер күні қалай пайда болды

Мерекенің тарихы сонау 1857 жылдан басталады. Дәл сол жылы 8 наурызда Нью-Йоркте тоқыма фабрикаларының жұмысшы әйелдері наразылыққа шығады. Нәзік жандар 10 сағаттық жұмыс күнін және жалақыны ерлердің айлығымен теңестіруді талап етеді. Жұмысшы әйелдердің жанайқайынан кейін алғашқы әйелдер кәсіподағы құрылады.
Жарты ғасыр өткен соң, 1908 жылы ақпанда Нью-Йоркте 15 мыңға тарта әйел өз құқықтары мен бостандығы үшін күресіп, митингке шығады. Олар еңбек саласында ерлер мен әйелдердің құқығын теңестіру, әйелдерге сайлауда дауыс беру құқығын беру туралы талап қояды.
Араға екі жыл салып Копенгагенде Халықаралық социалист әйелдердің конференциясы өтеді. Сол жиында АҚШ-тан келген делегаттар белгілі коммунист, әйелдердің құқығы үшін күресіп жүрген Клара Цеткинмен кездеседі. Неміс коммунисі қоғам назарын әйелдер проблемасына аударып, халықаралық әйелдер күнін бекітуді ұсынады.
Бірнеше жыл бойы Халықаралық әйелдер күні әр елде әртүрлі мезгілде аталып өтті. Тек 1975 жылы Біріккен ұлттар ұйымы 8 наурызды ресми түрде мереке етіп бекітті. Уақыт өте келе, бұл мейрам саяси көрінісін жоғалтты.
Қазақстанда Халықаралық әйелдер күні мемлекеттік мереке саналады. Сол себепті жыл сайын халық 8 наурыз күні демалады. Республиканың түкпір-түкпірінде нәзік жандардың құрметіне мерекелік концерттер мен мәдени шаралар ұйымдастырылады.

Билікте қанша әйел бар

Халқымызда "Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді" деген жақсы сөз бар. Бүгінде қазақ әйелі – отбасының ұйытқысы ғана емес, білікті маман, жауапты басшы, табысты кәсіпкер. Олардың қоғамда алар орны ерекше.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі былтыр 55,4 пайызға дейін өскен. Соның ішінде 39,2%-і басшы лауазымын атқарады.
59 әйел саяси лауазымдарға тағайындалған. Олардың арасында министрлер, Агенттік, Жоғары аудиторлық палата және Конституциялық соттың төрағалары, облыстар мен қала әкімдерінің орынбасарлары бар.
Ал шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі 2021 жылы 44,6%-ті құраған. Елімізде кәсіпорын басшыларының 30,8 пайызы – әйелдер.