АСТАНА, 8 наурыз – Sputnik. Павлодар облысында қатты желден мектеп пен әкімшілік ғимараттың шатыры ұшып кетті, деп хабарлайды өңірлік төтенше жағдайлар департаменті.
Қазгидрометтің мәліметінше, желдің екпіні 27 м/с дейін жеткен. Салдарынан екі елді мекенде ғимараттардың шатыры ұшып кетті.
Сағат 04.15-те дауыл Баянауыл ауданы Жаңатілек ауылында үш қабатты Б.Хайдаров атындағы жалпы орта мектептің шатырын жартылай ұшып әкетті. 51 шарты метр аумаққа зақым келді.
Сағат 06.30-да Павлодар қаласында 1440 шаршы метр аумақтағы төрт қабатты әкімшілік ғимараттың шатыры ұшып кетті. Ғимарат 1980 жылы салынған, соңғы рет былтыр жөндеу жүргізіліп, жұмыстар сол күйі аяқталмаған.
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Бұған қоса, Май ауданының бес елді мекенінде (Баскөл, Кеңтүбек, Майтүбек, Ақжар және Көктөбе ауылдары) электр энергиясы апатты жағдайда сөнді. Абоненттер саны нақтыланып жатыр. Апат салдарын жоюға 15 маман жұмылдырылды.
Сонымен қатар 16 елді мекеннің тұрғындары жарықсыз қалды: Аққулы ауданындағы Бесқарағай, Жамбыл, Жаңатаң, Әйтей, Шарбақты, Тосағаш, Жабағылы, Қазы, Малыбай, Қазантай, Майқарағай Мерғалым, Шақа, Шоқтал ауылдары; Аққулы мен Ямышево ауылдарында ішінара жарық өшіп қалды. Абоненттер саны анықталуда. 12 маман апатты жоюға кірісті.