АСТАНА, 7 наурыз – Sputnik. Әлеуметтік желіде Жетісу облысындағы цемент зауытын су басқан видео тарап жатыр, деп хабарлайды Sputnik тілшісі.
Зауыт Кербұлақ ауданындағы Сарыөзек – Көктал тас жолының маңында орналасқан. Кадрларда лайлы су ағынының кәсіпорын аумағынан өтіп жатқанын көруге болады. Облыстық ТЖД мәліметінше, кәсіпорынды су басқаны туралы ақпарат түспеген. Зауыт жұмысшылары қардың қатты еруінен егіс алқаптарынан келген суды өз күштерімен басқа бағытқа бұрған.
"Цемент зауытының оңтүстік-шығыс жағында орналасқан алқаптарда жиналған еріген су ұзындығы 50 метрге жуық кірпіш қоршауды және саз, қиыршық тас сынды инертті материалдарды шайып кеткен. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Жабдықтар мен техниканың зақымдануы анықталған жоқ. Үлкен зақым келтірілмеген", - деді облыстың Төтенше жағдайлар департаментіндегілер.
Ведомстводағылар негізгі су ағыны кәсіпорын аумағында қарастырылған 6 жабық науа арқылы өткенін хабарлады.
Сондай-ақ зауыт жұмысшылары ұзындығы 700-800 метр болатын бұру арнасын қазған.