АСТАНА, 6 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Президентке тапсырмаларының орындалу барысы туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ министрліктің мәдениет, спорт және туризм индустриясын дамытуға бағытталған бастамалары таныстырылды.
Мемлекет басшысына Алматы облысында спортшыларды олимпиадаға даярлайтын Республикалық базаның құрылысы туралы баяндалды. Нысан биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. 2025 жылға дейін жалпы 113 спорт нысаны салынады. Сонымен қатар министр Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы туралы айтты.
Бұдан бөлек, президентке қазақстандық спортшылардың алдағы жазда өтетін Азия, Олимпиада ойындарына дайындығы және 2024 жылы елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін мәдениет және мұрағат ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңмен өседі.
Министрлік отандық авторлардың театрдағы қойылымдарының санын арттыруды және қазақстандық фильмдер түсіруді жоспарлап отыр. Биыл алғаш рет жас жазушылар мен ақындарға арналған әдеби сыйлық табысталады. Жеті республикалық мәдениет ұйымына "ұлттық" мәртебе беру мәселесі пысықталып жатыр.
Асхат Ораловтың айтуынша, туризм саласын дамыту мақсатында Kids Go Free бағдарламасына қатысу үшін туроператорларға қойылатын талаптар жеңілдетілген. Сондай-ақ қазақстандықтар үшін туристік кэшбек енгізу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы ішкі және сыртқы туризмді одан әрі ынталандыру, инвестиция тарту шараларын қабылдауды тапсырды. Президент бұқаралық спортқа қолдау көрсету және спорт инфрақұрылымын қолжетімді ету қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті мәдениетті дамыту үшін жағдай жасаудың және еліміздегі креативті индустриялар базасын қалыптастырудың маңыздылығына назар аударды.