АСТАНА, 7 наурыз – Sputnik. Сарыарқа аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция қызметкерлері ұрлық жасады деген күдікпен 37 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
"Ол күндіз Бөгенбай батыр даңғылындағы дүкеннің жанынан өтіп бара жатқан. Сауда орнына азық-түлік жеткізген ГАЗель көлігін байқап, ұрлық жасауға бел буған. Жүргізуші мен сауда өкілінің кеткенін пайдаланып, көлік жүк салғышынан екі қорап ірімшікті ұрлап кеткен", - деп жазды портал.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы – "Ұрлық" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ полицейлер ер адамның осыған ұқсас тағы екі қылмысқа қатысы бар екенін анықтады.
Күдікті Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.