АСТАНА, 6 наурыз – Sputnik. Кәсіпкерлер жер учаскесіне жалдау мерзімін ұзарту кезінде үнемі кедергіге тап болатынын айтып шағымданған.
"Бизнес жол" жобасы басталғаннан бері жерді жалға алу мәселесі бойынша 70-ке жуық кәсіпкердің құқығы қорғалған. ШОБ субъектілерінің айтуынша, олар жер учаскесіне жалдау мерзімін ұзарту кезінде тұрақты түрде кедергілер мен негізсіз бас тартуға тап болады.
Осыған байланысты Антикор ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитетімен бірлесіп, жер қатынастары саласына талдау жүргізді.
"Жергілікті атқарушы органдар Жер кодексінің нормаларын өздігінше түсіндіріп және уақыт созып, жер комиссияларының қарауына жалдау мерзімін ұзарту туралы өтініштер жолдаған. Жер кодексінің 12-бабына сәйкес комиссияның мұндай өкілеттігі жоқ", - деп мәлімдейді Антикор.
Тағы бір маңызды мәселе – мерзімінің аяқталуына байланысты жалдау мерзімін ұзартудан бас тарту. Әкімдіктер жалға алушылар мұны уақытылы хабарламағандықтан, осындай проблема туындап отыр деп түсіндіреді.
Жер кодексіне сәйкес, жалдау мерзімі аяқталған жағдайда, өз міндеттерін тиісінше орындаған уақытша өтеулі жер пайдаланушының басқа адамдар алдында жаңа мерзімге шарт жасасуға басым құқығы бар.
"Бұл жағдайда адал жалға алушы комиссияның қорытындысын күтпей-ақ шарттың мерзімін ұзартуға құқылы", - деп түсіндірді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
Сондай-ақ, талдау барысында жасырын мемлекеттік қызмет анықталды. Ол заңнамамен реттелмеген жаңа мерзімге жалдау шартын жасау.
"Регламенттің болмауы "бір терезе" қағидатын бұзып, әкімдіктің лауазымды адамдары мен жер учаскелерін жалға алушылар арасында жемқорлық тәуекелдерінің туындауына ықпал етеді. Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымдары бойынша мұндай заңсыз тәжірибе Алматы қаласында, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында және Жетісу облысында тоқтатылды", - деді Антикор.
Бұдан бөлек, АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті жергілікті атқарушы органдардың атына уақтылы хабарламауға байланысты жер учаскелеріне жалға беруді ұзартудан бас тарту тәжірибесін болдырмайтын нақты түсініктемелер жолдады.
Бұл түсініктеме адал жер пайдаланушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуын жоюға, жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ жер берудің бірыңғай тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.