Биыл еліміздегі жоғары оқу орындарына 1000-нан астам президент стипендиясы бөлінеді

Sputnik
АСТАНА, 6 наурыз – Sputnik. Биыл 1000-нан астам қазақстандық студент президент стипендиясын алады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі қаулысының жобасында жазылған.
"2023 жылға арналған Қазақстан Республикасы президентінің стипендиясын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары арасында бөлу туралы" тиісті құжат жобасы "Ашық нормативтік-құқықтық актілер" сайтында жарияланған.
Жобаға сәйкес, қазақстандық 55 жоғары оқу орнына 1 005 шәкіртақы бөлінеді.
Оның ішінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бакалавриат студенттеріне 100, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің әрқайсысына 94 шәкіртақы беріледі.
Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттеріне 60 стипендия, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттеріне 55 стипендия беріледі.