АСТАНА, 6 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Президентке жоғарғы палатаның заң шығару қызметі туралы баяндалды. Сенаттың парламенттегі қызметі басталғаннан бері 21 заң мақұлданып, қабылданған. Оның ішінде еңбек дауларын шешу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, цифрлық активтер, сондай-ақ Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдар қаралған.
Мәулен Әшімбаевтың мәліметі бойынша қазіргі уақытта сенатта мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген маңызды заң жобалары қаралып жатыр. Атап айтқанда, алдағы кезеңде 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауды, Әлеуметтік кодексті, сондай-ақ әкімшілік реформа, адам құқықтары және азаптаулардың алдын алу, мемлекеттік қызмет мәселелеріне қатысты заң жобаларын қарастыру жоспарланып отыр.
"Президентке палатаның сот жүйесін реформалау және процессуалды заңнаманы жетілдіру жұмыстары туралы ақпарат берілді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында сенатта жұмыс тобы құрылған. Бұл топ 60-тан астам отырыс өткізіп, 350-ге жуық ұсыныс жинаған. Аталған жұмыстың нәтижесінде екі заң жобасы әзірленді", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар мемлекет басшысына сенат жұмысындағы өңірлік күн тәртібін нығайтуға, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің идеяларын ілгерілетуге бағытталған іс-шаралар таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыда кешенді дамыту жөніндегі реформаларды одан әрі қолдауға бағытталған заңнамалық қызметті жалғастыру қажет екенін атап өтті.