АСТАНА, 6 наурыз – Sputnik. Алматыда қар көшкіні жүріп, Медеуден Шымбұлаққа баратын жолдың бір бөлігін жартылай жауып тастады.
"6 наурыз күні таңертеңгі жылымықтың салдарынан Кіші Алматы өзені бассейніндегі №11 қар көшкіні алқабында көлемі 300 текше метрлік қар көшкіні тіркелді. Қар массасы Медеу – Шымбұлақ автожолы учаскесін жартылай жауып тастады", - деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесі.
Медеу – Шымбұлақ автожолын қардан тазалау жұмыстарын "Қазселденқорғау" қызметкерлері жүргізді.
Бұған дейін "Қазгидромет" 2023 жылдың 5-7 наурызы аралығында Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндерінде қар көшкіні жүруі мүмкін екенін ескерткен болатын.
"Қазселденқорғау" ММ қар көшкінін тудырмау үшін қар басқан беткейлерге шықпауға және алдағы күндері таулы жерлерде жүруден бас тартуға шақырды.