Алматыда A-parking экс-басшыларына қатысты сот үкімі шықты

Sputnik
АЛМАТЫ, 6 наурыз – Sputnik. Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында A-parking жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің экс-басшыларына сот үкімі шықты, деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.
"A-parking" автотұрағының П есімді басшысы көліктерден түскен 225 630 072 теңгені жымқырған. Серіктестік басшыларына "сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену және жымқыру, алдын ала сөз байласу арқылы қылмыстық жолмен алған ақшалай қаражатты заңдастыру" деген айып тағылды.
Бұдан басқа, автотұрақтың Б есімді бас директоры іздеуде жүрген адаммен алдын ала сөз байласу арқылы автотұрақтан түскен 190 078 778 теңге көлемінде аса ірі мөлшердегі ақшалай қаражатты ұрлап әкеткен.
Сотталушылар П және Б-ның заңсыз әрекетінің салдарынан автотұрақтардан мемлекетке түсетін дивиденттердің 30 пайызы берілмеген. Бұл сома 436 040 706 теңге болады. Сотталушы Б. басқа адамдармен жалған мәмілелер жасау жолымен ұрланған 391 651 076 теңге мөлшеріндегі ақша қаражатының бір бөлігін заңдастырған.
Қылмыстық істі қарау барысында мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді. Сотталушылардың кінәсі экономикалық сараптамамен, аудиторлық қорытындылармен, куәгерлердің айғақтарымен және істің басқа материалдарымен дәлелденген.
Сотта айыпталушы экс-басшылар өз кінәсін мойындамады. Олардың айтуынша, ақылы автотұрақтар үшін мемлекет қаржы жұмсаған жоқ. Керісінше айыппұлдар, салықтар мен дивидендтер түрінде пайда көрді.
Прокурор соттан экс-басшыларға 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Айыпталушылардың бұрын сотты болмағаны ескеріліп және келтірілген залал толық өтелгендіктен автотұрақтың бұрынғы екі басшысының бірі 5 жылға, ал екіншісі 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.