Экономика

"7-20-25" бағдарламасы ұзартылды - президентке кеңес бергендер қателесті ме?

Sputnik
АСТАНА, 6 наурыз – Sputnik. Қазақстанда "7-20-25" бағдарламасын ұзартты. Алайда осы жолы барлық ақшаны банктерге бірден бере салмады. Үш айда бір рет белгілі бір соманы ғана бөліп отыруға шешім қабылданды. Оның да өзіндік себебі бар. Ал Ұлттық банк басшысы президенттің тапсырмасына қарамастан ондай бағдарламаларды тезірек аяқтау керек деп санайды. Sputnik Қазақстан тілшісі "7-20-25" бағдарламасын ұзарту қаншалықты тиімді немесе тиімсіз екенін сарапшылардан сұрап білді.

Бағдарлама инфляцияны үдетіп отыр ма?

Биыл "7-20-25" бағдарламасына 100 миллиард теңге бөлінді. Әуелі банктерге ай сайын 8,3 миллиардтан беріп отыруды жоспарлаған. Бірақ артынан үш айда бір рет 25 миллиард теңгеден беруге шешім қабылданды. Ал ақша шекті мөлшерде бөлінгеннен кейін барлық өтінімді бірден мақұлдау мүмкін емес. Осыдан кейін банктерде ұзын-сонар кезектер пайда болды. Адамдар таңмен таласып, өтінім беруге асықты. Алайда қаңтар-наурыз айларында бәріне бірдей жеңілдетілген ипотека берілмейтін тәрізді. Себебі бұған дейінгі өтінімдерді қарау қажет. Демек, келесі траншты күтуге тура келеді.
Ұлттық банк ондай лимитті жайдан-жай енгізген жоқ. Мамандардың айтуынша, биылғы 100 миллиард теңгені бірден тұрғын үй нарығына құйып жіберсе, баспананың бағасы тағы көтеріледі. Сол кезде ипотека алатындар шығынға батады, ал үйге ақша жинап жүргендерге өз жоспарын кейінге қалдыруға тура келеді. Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, ондай бағдарламаларды тезірек аяқтау керек. Әйтпесе қарапайым халық алғашқы жарнасын да жинай алмай қалады.
"Мемлекет тарапынан жіберілген макроэкономикалық қателіктердің зардабын қарапайым қазақстандықтар тартып отыр. Біз ақша-кредит саясатын үлкен жауапкершілікпен жүргізбесек, баға өсе береді. Инфляция әлеуметтік жағынан осал топтардың күнделікті табысын "жеп отырады". Орта топтың жинаған ақшасы құнсыздана береді. Пәтерлердің бағасы да шарықтайды", - дейді Пірматов.
Оның ойынша, бүгінде баспана жағынан көмек беру тетіктері бар. Соны дамыта беру керек. Ал "7-20-25" сияқты бағдарламалар нарықтық экономика заңына да қайшы. Себебі оны қабылдағанда базалық мөлшерлеме 9,25 процент болған. Бес жылдың ішінде ол 16,75 процентке көтерілді. Ал инфляция 20 проценттен асып кетті. Бірақ бағдарламаның мөлшерлемесі (7 процент) өзгерген жоқ. Пірматов оны базалық мөлшерлемеге байлап тастау керек деп санайды.
"Биыл тағы 100 миллиард бөлінді. Енді ары қарай жалғастырамыз ба, жоқ па, тағы көреміз. Ондай мемлекеттік бағдарламалардан неғұрлым тезірек шықсақ, соғұрлым бәріне жақсы болады", - деп атап көрсетті Пірматов брифингте.

"Халықта онсыз да ақша жоқ"

Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов ұлттық банк басшысымен келіспейді. Оның айтуынша, лимит қоюдың да қажеті жоқ.
"7-20-25" бағдарламасы бес жылдың ішінде мультипликативті нәтиже берді. Біріншіден, құрылыс индустриясына жақсы қолдау болды. Екіншіден, халық 7 проценттік ипотека алды. Сосын жаңа үйлер көп салына бастады. Биыл бағдарламаның ақшасына лимит енгізді. Оның себебін де айтты. Бірақ лимит енгізудің қажеті жоқ. Бүгінде жаңа үйлер дұрыс сатылмай жатыр. Халықта онсыз да баспана алуға ақша жоқ. Ал лимит сұранысты шектеп отыр", - Мүсірепов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде адамдар баспанасын уақытында рәсімдей алмай жүр. Себебі банктерге тоқсан сайын бөлінетін ақша тез таусылып қалады. Ал құрылыс компаниялары дайын үйді көп ұстай алмайды.
"Негізі, бұл бағдарлама комфорт пен эконом-класқа арналған. Ал элит пен бизнес-класты қолма-қол ақшаға алады ғой. Ондай адамдарда ақша бар. Қазір жылжымайтын мүлік нарығында жаңағы лимиттер комфорт пен экономды сатуға кедергі жасап отыр. "7-20-25" бағдарламасы инфляцияны үдетіп отырған жоқ. Басқа бір талаптарды енгізсін, бірақ лимит енгізудің қажеті жоқ", - деп атап көрсетті Мүсірепов.
Ресми мәліметке сәйкес, бес жылдың ішінде 65 554 адам 7 проценттік ипотеканы рәсімдеп алды.

Экономистердің пікірі қандай?

Қаржыгер Расул Рысмамбетов Ұлттық банктің ұстанымын қолдап отыр. Қазіргі жағдайда "7-20-25" бағдарамасына көп шығын кетіп жатыр.
"Бүгінде инфляцияның деңгейі 20 процент болып тұр, құрылыс материалдарының бағасы да шарықтап кетті. Ондайда мемлекет үшін "7-20-25" сияқты бағдарамалар тиімсіз, шығыны көп. Әрине, құрылысшылар бағдарламаның аяқталғанын қаламайды. Оларға пәтерді тезірек сатып, жылы жерге кетіп қалған тиімді", - дейді Рысмамбетов.
Қаржы сарапшысы Айдархан Құсайынов та жеңілдетілген бағдарламаларды тезірек аяқтау қажет деп санайды.
"Есіңізде болса, 2017 жылы "7-20-25" бағдарамасы іске қосылғанда келесі жылы инфляция 6 процент деңгейінде ұстаймыз деген. 2018 жылы 5,3 процент болды. Ондайда бағдарламаның тиімділігі бар. Негізгі мақсаты да сол болған ғой. Артынан инфляцияның жоспары қайта қаралды. Сол кезде бағдарламаның проценттік мөлшерлемесін де өзгерту керек еді. Қазір инфляция қатты өсіп кетті. Алдағы бес жылда бұрынғы дәлізге түспейтін сияқты. Демек, "7-20-25" бағдарламасы мүлдем тиімсіз", - дейді Құсайынов.
Осы орайда маңызды бір мәселені атап өткен жөн. Президенттің өзі "7-20-25" бағдарамасын ұзартуды тапсырған болатын. Осы мәселе Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасына да енді.
"Ашығын айту керек, Тоқаев айтқан кейбір бастамалар жан-жақты зерделенген жоқ. Шамасы, әкімшілікте экономикалық блоктың адамдары президентке ұсыныс жасаған. Ол халықтың алдында жариялады. Енді соны орындау керек. Дегенмен ипотекалық бағдарламаны ұзарту - дұрыс шешім емес. Ал Ұлттық банк біреуге тәуелді емес екенін көрсетті, өз ұстанымын ашық айтты", - дейді Құсайынов.

Халық не дейді?

Астаналық Нұржан Әубәкіров екі жылдан астам уақыт жұмысына жақын жерден пәтер жалдап тұрған. Айына 150 мың теңге төледі.
"Бұлай жалғаса берсе, жақын арада баспаналы болмайтынымды түсіндім. Отбасы банкінде жинап жүрген ақшам бар еді. Есепшотта 5 миллион теңге болған. Ал Отбасы банкінен ипотека алу үшін пәтер бағасының жартысын жинау керек. Содан ол ақшаны "7-20-25" бағдарламасына алғашқы жарна ретінде салдым да, бір бөлмелі пәтер сатып алдым", - дейді Әубәкіров.
Кредиттің ай сайынғы төлемі жалдамалы үйден де төмен болып шықты. Бірақ бағдарламаның кемшін тұстары да жоқ емес. Ай сайынғы төлем төмен болған сайын кредиттің мерзімі ұзарады. Ал 25 жылдың ішінде екі пәтердің ақшасын шығаруға тура келеді.
"Сосын жаңадан салынған тұрғын үйлердің бәрі бірдей "7-20-25" бағдарламасына қатыса бермейді. Таңдау шектеулі. Мысалы, мен пәтер іздегенде, сапасы, дизайны, орналасқан жері көңілімнен шыққан бір үй таптым. Пәтерді төменгі қабаттан алғым келді. Сөйтсе менеджерлер "7-20-25" бағдарламасымен 1-ші және 10-шы қабаттағы пәтерлерді сатып жіберуге тырысады. Амал жоқ, ең жоғарғы қабаттан пәтер алдым", - дейді Әубәкіров.